Фейк: «Калир-канда өсімдігінің бірнеше жапырағы бір аптаға тамақтың орнын басады»

Интернетте Үндістаннан шыққан калир-канда атты керемет өсімдік туралы жазылып жүр. Бұл өсімдіктің бір-екі жапырағын жеген адам бір апта бойы аштық сезінбейді екен. Сонымен қатар, атауы жергілікті тілден аударғанда «асқазанды алдау» деген мағынаны білдіреді делінеді. Бірақ бұл — фейк.

Калир-канда туралы интернетте алғашқы рет 2011 жылы жазылған. Сол жылы MillionStatusov.ru сайтында осы «сиқырлы» өсімдік жайлы статус жарияланған. 2012–2014 жылдары бұл ақпарат орыс тілді интернетте кеңінен тарала бастады. Бұл өсімдік жайлы ақпарат көбіне арықтауға арналған биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) жарнамалау кезінде пайдаланылды. Кейбір сатып алушылар бұл зат тәбетті төмендетіп, асқазан-ішек жолының жұмысын жақсартатынына сенді. Пікір қалдырғандар да табылды.

Орыс тіліндегі энциклопедиялар мен ғылыми дереккөздерде бұл өсімдік туралы не жазылған? Ештеңе. Ешбір беделді басылымда калир-канда өсімдігі немесе оған негізделген дәрі-дәрмектер туралы ақпарат жоқ.

Ағылшын тіліндегі интернетте де осындай жағдай бар. «Калир-канда» емлесінің әртүрлі нұсқаларын іздегенмен, еш нәтиже болмады. Britannica, Халықаралық өсімдіктер аталымдар тізімі, JSTOR Global Plants үлгілер базасы сияқты ірі ғылыми және анықтамалық сайттарда, тіпті орыс тіліндегі мәтіндерді сөзбе-сөз қайталайтын жазбалар ғана кездесетін әлеуметтік желілерде де ақпарат жоқ. Бұл таңқаларлық, өйткені ағылшын тілі Үндістанның екінші ресми тілі. Егер мұндай өсімдік шынымен болса, олар бұл туралы жазар еді.

Тіпті Хинди, бенгал және тамил сияқты тілдерде іздесек те, ештеңе табылмады – ғылыми басылымдарда да, жергілікті жаңалықтарда да бірде-бір сілтеме жасаған жоқ. Мұның бәрі оның ойдан шығарылған өсімдік екенін көрсетеді.

Калир-канданың сиқырлы қасиеттері туралы хабарламада қандай сурет қолданылады? Кәдімгі нан ағашының суреті. Бірақ бұл өсімдіктің жапырағы адамның тоқтық сезімін бір апта бойы ұстап тұра алмайыны анық.

Ресейлік фактчекинг ресурстары, соның ішінде “Коммерсант” пен “Provereno.Media“, бұл өсімдік туралы нақты ақпарат іздеген. Бірақ ешбір сенімді дерек табылмаған.

Калир-канда — бұл ойдан шығарылған өсімдік. Оның табиғатта нақты бар екендігіне ешқандай ғылыми дәлел жоқ. Бұл аңыз алғаш рет он жылдан астам уақыт бұрын пайда болып, көбіне жалған жарнама үшін қолданылған. Интернеттегі әр ақпаратқа сене бермеңіз.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Related Articles