Фейк: «Кофе қосылған маска ақ шашты біржола жояды»

Әлеуметтік желілерде ақ шаштан толық құтылуға болатыны туралы кеңестер тарап жатыр. Видео авторының айтуынша, Үндістанда осы тәсілдің арқасында барлық әйелдердің шашы қалың әрі қара болады екен. Ол үшін ұнтақталған кофені сутегі асқын тотығымен араластырып, шашқа жағу керек. Осыдан кейін ақ шаш біржола жоғалып, енді ешқашан шықпайды. Бұл мүмкін бе? Анықтайық.

Ақ шаштың шығуы – меланин деп аталатын пигменттің азаюымен немесе толық тоқтауымен байланысты. Ол шашқа түс береді. Сонымен қатар, адамның шаш жасушалары сутегі асқын тотығын бөледі. Жас ұлғайған сайын бұл зат ағзада көбірек жиналады. Осылайша, шаш ішінен ағарып, алдымен сұр, кейін ақ түске енеді.

Ғалымдар бұл процесті шаш фолликулаларын зерттеу арқылы анықтаған. Оларда сутегі асқын тотығы жиналатынын және оны ыдырататын каталаза ферментінің азаятынын байқаған. Ол әдетте сутегі асқын тотығын су мен оттегіге бөледі. Қажетті ферменттердің болмауына байланысты фолликулалар сутегі асқын тотығы тудыратын зиянды жеңе алмайды.

Ақ шаш жасушалардың табиғи қартаюынан ғана болмайды. Оның дамуына генетикалық факторлар, витаминдердің жетіспеушілігі және бірқатар аурулар да әсер етеді. Кейбір адамдарда ақ шаш 20 жаста пайда болуы мүмкін – бұл тұқымқуалаушылыққа байланысты. Сонымен қатар, шаштың ерте ағаруы В12, D дәрумендерінің жетіспеушілігінен, сондай-ақ темір мен мыстың жетіспеушілігінен туындауы мүмкін. Витилиго немесе алопеция сияқты кейбір аутоиммунды ауруларда иммундық жүйе өзінің меланоциттеріне шабуыл жасайды

Кейбір зерттеулер шаштың ағаруы мен стресс арасындағы байланысты растады.2020 жылы тышқандарда жүргізілген тәжірибелер жедел стресс меланоциттердің дің жасушаларының жоғалуына әкелуі мүмкін екенін көрсетті. Нәтижесі – тұрақты ақ шаш.

Интернетте шашқа арналған кофе қосылған маскаларының рецептілері көп. Ия, олар уақытша әсер етеді. Шаш сәл қарайып, бай қоңыр реңкке ие болады. Кофе табиғи болғанына қарамастан, оны жиі қолдану шашты құрғатады. Ал сутегі асқын тотығы шаштың құрылымын толығымен бұзып, оны сынғыш және құрғақ етеді. Оны жиі қолдану шаштың жұқаруына және түсуіне әкеледі. Гидроперитті зақымдалған немесе әлсіреген шашқа қолдану өте зиянды.

Айтылғандай, Үндістанда да ақ шаш өзге елдердегідей кең таралған. 2016 жылы ғалымдар жас үнділердің шашының ерте ағаруының себебін зерттеген. Бұл 25 жасқа толмаған адамдарда темірдің, В12 витаминінің және қандағы «жақсы» холестериннің төмен деңгейіне байланысты болуы мүмкін екені анықталды. Бірақ бұл бағытта қосымша зерттеулер қажет.

Кофе мен гидроперит маскасынан кейін ақ шаш қайта шығады. Олардың косметикалық әсері уақытша ғана болады, шаштың табиғи пигментациясын қалпына келтірмейді. Бұл кеңес – фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Related Articles