Фейк: «COVID-19-ға қарсы вакцина алғандар арасында өкпе рагы жиілеп барады»

Танымал Telegram-арналардың бірінде темекі шекпейтін адамдар арасында өкпе рагының көбейгені туралы ақпарат жарияланды. Автордың айтуынша, бұл адамдардың барлығы COVID-19-ға қарсы вакцина алған. Бұл рас па? Вакцинация шынымен онкологиялық аурулардың өсуіне әсер ете ала ма – тексеріп көрейік.

Бұл ақпараттың көзі — жалған жаңалықтар тарататын америкалық The People’s Voice порталы. Аталған сайтта жарияланған материалдарды халықаралық фактчекерлер де, біздің сайт та бірнеше рет жоққа шығарған.

The People’s Voice журналисі өзінің мақаласында BBC сайтының 2024 жылғы 6 маусымда жарияланған «Темекі шекпейтіндер арасындағы өкпе рагының жұмбақ өсімі» атты мақаласына сүйенген. Онда темекі шекпейтіндер арасында өкпе қатерлі ісігінің жиілегені туралы айтылып, бұл құбылыстың ықтимал себептері туралы дәрігерлер мен зерттеушілердің пікірлері келтірілген.

ДДҰ мәліметі бойынша, өкпе обыры – әлемдегі ең жиі таралған қатерлі ісіктердің бірі. Бұл ауру ерлер мен әйелдер арасында өлім-жітім бойынша бірінші орында тұр.

Өкпе рагы көбінесе кеш сатыда анықталады, бұл кезде емдеу мүмкіндіктері шектеулі болады. 2022 жылы бұл дерт 2,5 миллион адамда анықталып, 1,8 миллионнан астамы қайтыс болды.  Өкпе рагы обыры темекі шегетіндерде кездессе де, әлемде темекі тарту деңгейі біртіндеп азайып келеді. Осыған байланысты темекі тартпайтындар арасындағы жағдайлардың үлесі өсуде. Қазіргі уақытта өкпе рагының 10–20%-ы темекі шекпейтін адамдарда анықталады.

Сонымен қатар, диагноз қойылатын рак түрі де өзгерді. 1950–60 жылдары өкпенің жалпақ жасушалы карциномасы жиі анықталатын. Бұл түрі тыныс жолдарының ішкі қабатындағы жасушалардан дамиды. Ал темекі шекпейтін адамдарда негізінен аденокарцинома анықталады. Бұл рак түрі шырыш бөлетін жасушалардан басталады.

Қазіргі таңда аденокарцинома – темекі тартатындар мен тартпайтындар арасында да ең жиі кездесетін өкпе рагы түрі. Ол, әсіресе, әйелдерде, оның ішінде азиялықтарда жиі кездеседі.

Ғалымдар мұны генетикалық мутациялармен, мысалы, EGFR мутациясымен байланыстырады. Мұндай мутациялар азиялық әйелдерде жиі кездеседі. Сондай-ақ, эстроген гормонының метаболизміне қатысты ерекшеліктер де әсер етуі мүмкін деп санайды, бірақ нақты себептер әлі анықталмаған.

Темекі тартпайтын адамдардағы өкпе рагының қаупі көбіне мынадай себептермен артуы мүмкін: радон әсері, пассивті темекі тарту, үй ішіндегі тамақ пісіру түтіні немесе көмір, отын пештерінің түтіні.

Бұған қоса, ең маңызды себептердің бірі – ауаның ластануы. Әсіресе ластануы жоғары аудандарда тұратын адамдарда бұл аурудан өлім жиірек кездеседі. Ғалымдар ауада кездесетін ұсақ бөлшектердің (PM2.5) жоғары концентрациясы мен өкпе обыры арасында тұрақты байланыс барын анықтаған, әсіресе EGFR мутациясы бар адамдарда.

ДДҰ болжамы бойынша, болашақта ауаның ластануына байланысты өкпе обырынан болатын өлім-жітім деңгейі Үндістанда күрт артуы ықтимал. Бұл елде атмосфералық ластану деңгейі қазірдің өзінде әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр.

Сондықтан темекі тартпайтын адамдар арасындағы өкпе рагының өсуіне бірқатар факторлар әсер етеді: генетикалық бейімділік, ауа ластануы (үй ішінде де, сыртта да), пассивті шылым шегу, тұрмыстық ластаушы заттар. Бұл ауру көбіне әйелдерге, әсіресе Азия елдерінің тұрғындарына тән екенін зерттеулер растайды.

BBC мақаласында COVID-19-ға қарсы вакцинация мен өкпе обырының арасында қандай да бір байланыс бар деген ешқандай мәлімдеме жоқ, тіпті бұл тақырып мүлде қозғалған емес. Алайда The People’s Voice авторы ғылыми-популярлық материалды бұрмалап, негізсіз жалған мәліметтер қосқан.

Қазіргі таңда COVID-19 қарсы вакциналардың өкпе обырын немесе басқа онкологиялық ауруларды тудыратыны туралы ешбір ғылыми дәлел жоқ. Мұндай мәлімдемелер – жалған және олар вакцинацияға қарсы бағытталған, медициналық сенімділікке нұқсан келтіру үшін жасалған фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Related Articles