Фейк: «Қатерлі ісікті германиялық жаңа медицина әдістерімен емдеуге болады»

Instagram желісінде германиялық жаңа медицинаның негізін қалаушы Райк Хамердің қатерлі ісікті ешқандай дәрі-дәрмексіз емдеуге болатыны туралы айтқан видеосы тарады. Оның сөзінше, химиотерапия онкологиясы бар науқастардың 98%-ын өлтіреді, ал оның әдістері адамдарға 30–40 жыл өмір сүруге мүмкіндік береді екен. Бұл рас па? Тексеріп көрейік.

Райк Хамер — 1963 жылдан бастап еңбек еткен дәрігер. Бірақ оның дүниетанымын өзгерткен жағдай — ұлының қазасынан кейін өзі қатерлі ісікке шалдығуы болды. Ол аурудың себебі ретінде психологиялық күйзелісті атады. Осы болжамға сүйене отырып, ол өз теориясын жасап шықты — «Германиялық жаңа медицина» (ГЖМ). Бұл тұжырымдама ғылыми медицинаны жоққа шығарады, түрлі қастандық теорияларын насихаттайды және кей элементтерінде антисемиттік идеялар кездеседі.

Хамердің нұсқасына сәйкес, барлық ауыр дерттер адамның басынан өткерген күшті эмоциялық күйзелістерінен немесе ішкі психологиялық қайшылықтарынан пайда болады. Оның айтуынша, нағыз аурулар деген мүлде жоқ, олардың барлығы – табиғатпен тірі қалу үшін жасалған арнайы биологиялық бағдарламалар. Сондықтан бактериялар, вирустар мен зеңдер – ағзаға зиян келтіретін жау емес, қайта жазылу процесінде көмектесетін одақтастар. Германиялық жаңа медицинаның басты қағидаларының бірі – дәрі-дәрмекпен емдеуді толықтай жоққа шығару.

Хамердің теориясы қатаң сынға ұшырап, бірқатар беделді ұйымдар тарапынан ғылымға қарсы деп танылды. Олардың қатарында Норвегияның ғылыми-зерттеу кеңесі, Германияның Медициналық қауымдастығы және Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі неміс ұйымдары бар. Медициналық сарапшылар Хамер әдістерінің науқастардың денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.

Германиялық жаңа медицинаның ғылыми тұрғыдан мүлде негізсіз екенін ресейлік биолог және ғылымды насихаттаушы Александр Панченко жан-жақты талдап берді. Өз талдауында ол бұл теорияның неге жұмыс істемейтінін және қазіргі медицина мен биология тұрғысынан қаншалықты жалған екенін кезең-кезеңімен түсіндіріп берді.

1986 жылы Хамер дәлелденбеген тәсілдерді қолданғаны және науқастарды стандартты емдеуден бас тартқаны үшін дәрігерлік лицензиясынан айырылды. Соған қарамастан, ол өз әдістерімен адамдарды емдеуді жалғастыра берді. Бұл қайғылы жағдайларға алып келді.

1993 жылдың ақпан айында Кёльннің округтік соты Райк Хамерді сүйек обырымен ауырған науқас ісі бойынша төрт ай түрме жазасына кесті. Науқас аяғынан айырылған. Сот барысында Хамер онкологиямен айналыспадым, тек «алғашқы медициналық көмек көрсеттім» деп ақталуға тырысты. Оның айтуынша, науқастың аяғындағы проблема – жай ғана сүйек сынуының салдары болған.

1995 жылы Хамер тағы бір даулы оқиғаның басты кейіпкеріне айналды – ол дәлелді медицинаны елемей, алты жастағы қызды қатерлі ісіктен емдеуге тырысқан. Хамер қылмыстық немқұрайдылығы үшін айыпталып, түрме жазасына кесілді. Қыздың ата-анасы да жауапқа тартылды, ал бала химиялық және сәулелік терапияның көмегімен аман қалды.

2000 жылы Хамер Францияда алаяқтық пен заңсыз медициналық қызмет үшін 18 айға бас бостандығынан айырылды. Кейін, 2004 жылы Шамбери қаласының соты оған тағы үш жыл түрме жазасын тағайындады. Бұл жолы шағымдар онкологиялық науқастардың туыстарынан түсті – олар Хамердің идеяларына сеніп, дәстүрлі емнен бас тартқан, нәтижесінде олардың жағдайы нашарлаған.

Медициналық тақырыптарға маманданған неміс журналисі Криста Федершпиль Хамердің ұсыныстарымен байланысты шамамен 500 өлім жағдайын атап өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл әдіс бойынша ем қабылдап, қаза тапқан балалар мен ересектер туралы материалдар бірнеше рет жарияланған.

Қатерлі ісікті германиялық жаңа медицина арқылы емдеуге болады деген пікір – жалған. Бұл сенімсіз әрі қауіпті тұжырымдарға негізделген жалған ғылыми теория. Оның авторы Райк Хамер дәрігерлік қызметінен айырылып, бірнеше рет қылмыстық немқұрайдылық пен заңсыз медициналық тәжірибе үшін сотталған. Оның әдісімен жүргізілген «емдеу» көптеген адамдардың өліміне әкелді.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Related Articles