Фейк: «Шыны гармоника – әлемдегі ең қауіпті музыкалық аспап»

Әлеуметтік желілерде Бенджамин Франклин 1761 жылы ойлап тапқан шыны гармоника адам денсаулығы үшін аса қауіпті екендігі туралы пост жарияланды. Жазба авторларының айтуынша, оның дыбысынан тыңдаушылардың бас айналып, жүрегі айниды, тіпті есінен танып қалуы мүмкін, ал музыканттарда жүйке аурулары мен құрысулар болады. Сондай-ақ, бұл музыкалық аспапқа «кейбір жерлерде тыйым салынғаны» туралы мәлімет те бар. Бұл — жалған ақпарат.

Шыны гармоника — музыкалық аспап, оның дыбысы айналатын әйнек табақшаларына саусақпен үйкеліс жасау арқылы шығарылады. Әр табақша белгілі бір ноталарға келтіріледі. Музыканттар ылғалды саусақтарымен айналатын табақшалардың шетін ұстап, дірілдетеді, сонда таза дыбыстар шығады. Әйнек үйкелісі осы музыкалық дірілдерді тудырады.

Шыны гармониканы әйгілі америкалық саясаткер әрі өнетапқыш Бенджамин Франклин ойлап тапқан. Бұл аспап музыка әлемінде кеңінен танымал. Жүзден астам композитор оған арналған шығармалар жазған.

Бірақ шыны гармоника тек музыканттарға ғана емес қызық болған жоқ. Ол емдік мақсатта да пайдаланылды. Мысалы, «жануар магнетизмі» теориясын ұсынған дәрігер Франц Месмер осы аспапты өз сеанстарында қолданған. Ол бұл гармониканың дыбысы адамның денсаулығына әсер етеді деп санаған. Алайда, оның әдістері көбінесе жаппай гипнозға немесе психозға ұқсап, шынайы медициналық ғылыммен ешқандай байланысы болмады.

Шыны гармоника танымал болғаннан кейін көп ұзамай оған қатысты алаңдатарлық қауесеттер тарала бастады. Музыканттар мен тыңдаушылар әлсіздік, жүйкенің бұзылуы сияқты оғаш сезімдер сезінетінін айтып шағымданды. Дәрігерлер бұл музыкалық аспап психикаға зиянды деп айта бастады. Уақыт өте келе, осы теріс пікірлердің арқасында гармоника қолданыстан шықты. Оған арналған шығармалар челеста аспабында орындалды.

Шын мәнінде, шыны гармониканың дыбысында ешқандай мистикалық құпия жоқ. Оның акустикалық ерекшеліктері арқылы бұл аспап 1-4 кГц арасындағы дыбыстарды шығарады, ал адам құлағы бұл диапазонда дыбыстың қайдан шыққанын анықтай алмайды. Осыған байланысты тыңдаушылардың көпшілігінде музыка «басқа әлемнен» естіліп жтқандай сезім пайда болды.

Психикаға әсері жайлы айтатын болсақ, мәселе музыкада емес, аспап жасалған материалдарда болды. Табақшаларды бояу үшін қорғасын негізіндегі бояулар қолданылған. Бұл уытты металл, адам ағзасында жиналған кезде денсаулыққа зиянды әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, музыканттар қажетті үйкеліс үшін саусақтарын сірке суымен ылғалдандырған. Қорғасынмен араласқан бұл химиялық қоспа қауіпті болды. Сиқыр емес, дәл осы заттар адамның өзін нашар сезінуіне себеп болуы мүмкін.

2015 жылы «Бенджамин Франклин және оның шыны гармоникасы: музыкадан терапияға және патологияға дейін» атты ғылыми зерттеу жарияланды. Бұл зерттеу психикалық аурулардың осы аспаппен байланысты болмағанын атап көрсетеді. Барлық оқиғалар – бұл түрлі қауесеттер, жеке пікірлер мен жорамалдар, маңызды медициналық бақылаулардың нәтижесі емес.

Шыны гармоника видеода айтылғандай денсаулыққа қауіпті емес. Оның зияны туралы әңгімелер ғылыми дәлелдерге емес, қауесеттерге, жорамалдарға және дыбыстық ерекшеліктерге негізделген.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Related Articles