Фейк: «Чехияда COVID-19 қарсы вакцинациядан кейін туу көрсеткіші төмендеді»

Telegram желісінде Чехияда туу көрсеткішінің төмендеуі COVID-19 қарсы вакцинациямен байланысты деген хабарлама таралуда. Дәлел ретінде, вакциналанған әйелдердің арасында жүктілік жағдайлары вакциналанбағандарға қарағанда сәл төмен болғаны туралы зерттеу келтіріледі. Бірақ бұл рас па? Тексеріп көрейік.

Мұндай зерттеу расында бар. Оның нәтижелері 2025 жылдың маусымында Медицинадағы қауіп пен қауіпсіздік бойынша халықаралық журналда жарияланды. Зерттеуде вакциналанған әйелдерде жүктілік шамамен 1000 адамға шаққанда 4 жағдай, ал вакцина алмаған топта – шамамен 6 жағдай тіркелгені айтылған. Бұл шамамен 33% айырмашылықты көрсетеді.

Алайда зерттеуде қатысушылардың жасы, денсаулығы, білімі, әлеуметтік жағдайы сияқты маңызды факторлар ескерілмеген. Тек вакцинация дерегі ғана пайдаланылған. Бұл зерттеу нәтижелерінің сенімділігі мен обьективтілігіне күмән туғызады. Сонымен қатар, зерттеуді кім қаржыландырғаны көрсетілмеген – бұл да дереккөздің тәуелсіздігін бағалауда маңызды.

Оның үстіне, Telegram-дағы хабарлама өзіне қайшы келеді. Постта Чехия үкіметі вакцинация мен туу көрсеткішінің төмендеуі арасындағы байланысты мойындады делінсе, сол мәтінде зерттеу авторлары мұндай себеп-салдарлық байланысты нақты растамағаны да айтылады.

Шынында да, Чехияда туу көрсеткішінің төмендеуі байқалады. Карлова университетінің демография факультетінің өкілі Анна Штястная бұл құбылысты былай түсіндіреді: қазіргі уақытта репродуктивті жасқа 1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында туған, аз санды ұрпақ жетіп жатыр. Бұл – демографиялық «сығылу» деп аталады және ол алдағы онжылдықтарда да туу көрсеткішіне әсер етеді.
Айта кетейік, туу көрсеткішінің төмендеуі COVID-19 басталғанға дейін де байқалған. Мысалы: 1999 жылы – 1,13 2000 жылы – 1,14 (бір әйелге орташа бала саны). 2021 жылдан бастап туу көрсеткіші қайтадан төмендеп, 1,8-ден 1,45-ке дейін қысқарған.

«Қазіргі чех отбасы» атты зерттеуге сәйкес, соңғы 20 жылда жастардың отбасына және балалы болуға деген көзқарасы айтарлықтай өзгерген. Бұрын жастардың 65%-ы балаларды «толыққанды өмірдің» ажырамас бөлігі деп есептесе, қазір бұл көрсеткіш бар-жоғы 22%. Бүгінде басымдық – жақсы жұмыс, қарым-қатынаста үйлесімділік және тұрақтылық.

Туу көрсеткішінің төмендеуі – жаһандық үрдіс. Ғалымдар бұл құбылысты 2000-жылдардың басынан бастап айтып келеді.

Сарапшылар атап өтетін негізгі факторлар: әйелдердің қоғамдағы рөлінің өзгеруі, ана болуды кейінге шегеру, урбанизация, бағаның өсуі, өмірлік басымдықтардың өзгеруі.

2021 жылы тек 94 елде ғана туу көрсеткіші халықтың өзін-өзі жаңғырту деңгейінен жоғары болды. 2050 жылға қарай 204 елдің 155-інде, ал 2100 жылы – 198 елінде бұл көрсеткіш төмен болады деп болжануда.

Көптеген зерттеулер COVID-19 қарсы вакциналар репродуктивтік функцияға әсер етпейтінін, бедеулік тудырмайтынын, ДНҚ-ны өзгертпейтінін дәлелдеді. Мысалы, 2022 жылы American Journal of Epidemiology журналында жарияланған ауқымды зерттеу, вакцинация әйелдер мен ерлерде ұрықтану мүмкіндігін төмендетпейтінін көрсетті.

«Вакцина бедеулік тудырады» немесе «еркектік қабілетті әлсіретеді» деген фейктер көптеген мәрте фактчекерлер тарапынан теріске шығарылды. Оның ішінде, біздің сайтта.

COVID-19 қарсы вакцина мен Чехиядағы туу көрсеткішінің төмендеуі арасында себеп-салдарлық байланыс жоқ. Бұл – манипуляция және фейк. Туу көрсеткішінің төмендеуі – бүкіл әлемге тән құбылыс және ол демографиялық, әлеуметтік және экономикалық факторлармен байланысты. Жастар отбасын құру мен балалы болуға кейінірек бет бұруда. Ал вакцина бедеулікке себеп болады деген мәлімдемелер ғылыми негізге ие емес және талай мәрте жоққа шығарылған.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Related Articles