Дәлелсіз: «Индонезияда аспаннан бұлт құлады»
Әлеуметтік желілерде Индонезияда өте сирек кездесетін табиғи құбылыс — аспаннан құлаған бұлт түсірілген делінген видео таралып жатыр. Автордың айтуынша, бұлт екені ғалымдармен расталған. Шын мәнінде солай ма? Тексеріп көрейік.
Бұл видео ең алғаш 2024 жылдың қарашасында ағылшын тілді әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Осы кезде бұл ерекше көрініске фактчекерлер назар аударды. Алғашқылардың бірі болып оны Snopes басылымы зерттеген.
Тексеру нәтижесінде видео шынайы екені анықталды. Яғни, ол жасанды интеллектпен жасалмаған және цифрлық жолмен өңделмеген. Видеода Индонезияда аспаннан түсіп келе жатқан бұлтқа ұқсас объект көрсетілген. Оқиға ірі тау-кен өндіріс орны орналасқан аймақта болған.
Ғылыми тұрғыдан бұл құбылыс кәдімгі табиғи бұлтқа ұқсамайды. Бұлттар негізінен су тамшылары немесе мұз кристалдарынан тұрады және өте жеңіл болғандықтан аспанда қалықтап жүреді.
Ал видеодағы объект гравитацияның әсерінен төмен түсіп жатыр, яғни оның құрамында кәдімгі су булынан ауыр заттар болуы мүмкін. Индонезияның метеорологиялық агенттігі оның құрамында тау-кен өндірісінде қолданылатын химиялық заттар болуы ықтимал екенін болжайды.
Бұл нұсқаны Индонезияның мемлекеттік метеоқызметінің директоры Андри Рамдхани де қолдайды. Оның айтуынша, видеода бұлт емес, өндірістік қызметтің нәтижесінде пайда болған бу немесе жиналып қалған газ болуы мүмкін.
Жергілікті билік те бұл ерекше құбылысты өнеркәсіптік және тау-кен орындарынан шыққан ластаушы заттардың әсерінен пайда болған дейді. Бұл заттар ауадағы ылғалмен араласып, осындай көріністі тудырған болар. Бұл видео — табиғаттың құпиясы емес, өнеркәсіптің қоршаған ортаға әсерін еске салатын мысал.
Видеода сирек кездесетін табиғи құбылыс көрсетілгеніне ешқандай дәлел жоқ.
Мамандар мен жергілікті билік өкілдерінің пікірінше, бұл құлаған бұлт емес, техногендік әсердің нәтижесі. Видеода жұмбақ атмосфералық құбылыстан гөрі ауаның ластануының салдары көрсетілген.