Қазақстанда дропперлерге қылмыстық жаза енгізілді

Қазақстанның Қылмыстық кодексінде жаңа бап пайда болды. Енді алаяқтық схемалардың делдалдарына айыппұл салып қана қоймай, оларды зардап шеккен адамдарға ақшаны қайтаруға міндеттеп, тіпті түрмеге қамауы да мүмкін. Бұл мәтінде дроппер деген кім, олар қатысатын схемалар қалай жұмыс істейді және жеңіл ақша табамын деп дроппер болып кетпеу туралы айтып береміз.

Дропперлер деген кімдер және олар не үшін қажет?

Дропперлер — бұл алаяқтар мен олардың құрбандары арасындағы делдалдар. Жәбірленушілердің ақшасы дәл осы дропперлердің банк карталарына түседі. Кейін бұл ақшаны дропперлер келесі делдалға аударып отырады. Делдалдар тізбегі неғұрлым көп болса, шынайы қылмыскерлерді табу соншалықты қиын болады. Яғни жәбірленуші полицияға жүгініп, ақша аударған карта нөмірін айтқан кезде, алаяқтардың өздері емес, тек дроппер ғана табылады.

Дропперлер қалай пайда болады?

Жалпы алғанда, дропперлердің екі түрі болады: біріншілері — алаяқтарға жұмыс істеп жатқанын білетіндер, екіншілері — заңды жұмыс істеп жатырмыз деп ойлайтындар. Соңғыларын әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы тартады. Оларға банк картасын «жалға беріп», сыйақы алуға ұсыныс жасайды. Картаға ақша түсіп отырады, оны ары қарай жіберіп, аз ғана бөлігін өзіңе қалдырасың деп сендіреді. Әдетте, алаяқтар бұл әрекетті заңды етіп көрсететін аңыз ойлап табады.

Егер мен алаяқтарға көмектесіп жатқанымды білмесем, кінәлі емеспін бе?

Жоқ. Біріншіден, заңды білмеу — жауапкершіліктен босатпайды. Екіншіден, Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілгенге дейін де дропперлерге Азаматтық кодекстің негізсіз баю туралы 953-бабы қолданылатын. Яғни, дропперлер тек өз шотынан басқа шотқа ақша аударған болса да, жәбірленушілерге ұрланған қаражатты қайтаруға міндетті болды. Демек, ақшаны алаяқтар ұрласа да, оны делдалдар қайтарады. Қазақстандық соттар мұндай шешімдерді бұрыннан шығарып жүр. Мысалы, үш дропперден алаяқтық құрбандарына 20 миллион теңге өндіріп алынған.

Жаңа бап бойынша дропперлерге қандай жаза қарастырылған?

ҚР ҚК 232-1-бабында алаяқтарға көмектескендерге нақты бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Өзінің банк шотын бөгде адамдардың пайдалануына заңсыз рұқсат бергендер үш жылға дейін түрмеге қамалады. Бөгде біреудің өтінішімен ақша аударып немесе төлем жасағандар бес жылға дейін сотталуы мүмкін. Ал бірнеше адамның карталарын алып, оларды алаяқтық схемаларда пайдаланғандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Егер мені бөтен біреудің ақшасын басқа біреуге аударуға сұраса, не істеуім керек?

Ешқашан келіспеңіз. Мұндай өтініш таныстарыңыздан түссе де, сыйақы ұсынса да. Ешқандай ақша немесе таныстық сіздің бостандығыңыздан артық емес.

Айта кетейік, «Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында дропперлердің қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін жаңа бейнеролик жарық көрді:

Еске салайық, Kaspi.kz Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің қолдауымен ең жиі кездесетін алаяқтық схемалар туралы бірқатар бейнероликтер түсірді. Жаңа видеолар әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасында жарияланады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Related Articles