Фейк: «Италияда 1938 жылы табылған алып адамның сүйектері көрмеге қойылды»

Әлеуметтік желілерде адамдардың алып болғаны туралы пост жарияланды. Онда Италияда өткен көрме туралы жазылған. Көрмеге 1938 жылы табылған бойы 24 метр болатын тарихи дәуірге дейінгі адамның сүйектері көрсетілген екен. Бұл қаншалықты рас? Тексеріп көрейік.
2015 жылы Неапольдің Ұлттық археологиялық музейінде осындай көрме өткізігені рас. Экспонаттар арасында «алыптың сүйектерінің» үш бөлігі болған: үлкен бас сүйегі (2,4х2,3х3 метр), ұзындығы үш метрге жуық қол және ұзындығы шамамен 7 метр болатын жамбас сүйегі. Сонымен қатар, «тастардағы суреттердің» іздері бар тас плита көрсетілді, оның ені 3 метр, биіктігі 4 метрге дейін жетті.
Алайда, бұл экспонаттар шын емес болатын. Олар полистиролдан жасалып, қарашайырмен қапталды. «Әлемдегі ең ұлы суретші» атты арт-объектінің авторы – Brigataes атты өнер тобы . Топ мүшелері қазіргі заман өнерінің әртүрлі жанрларында жұмыс істейді: инсталляциялардан видео, перформанс және концептуалды жобаларға дейін.
Көрмені шынайы етіп көрсету үшін, суретшілер толық бір аңыз ойлап шығарған: археологтар алып адамның сүйектерін 1938 жылы тапқан. Алайда, соғыс болып жатқандықтан олар халыққа көрсетілмеген. Экспозиция аясында археологиялық қазба жұмыстары кезінде түсірілген «мұрағат» фильм де көрсетілген.
Бұл жоба миф, ғылым және музей экспозиция тоғысында жасалған өнер эксперименті болды. Дегенмен, он жыл өтсе де, адамдар оны шын деп қабылдауда. Бұл факті музей контексті мен визуалды форманың шынайылық иллюзиясын қалай оңай жасай алатынын тағы бір дәлелдейді.
Демек, Италиядағы көрмеде алыптың шын сүйектері көрсетілді деген ақпарат — фейк. Бұл ойдан шығарылған әңгіме, арт-инсталляцияның бір бөлігі.