Фейк: «COVID-19-ға қарсы вакциналардан микрочиптер табылды»

Telegram-арналардың бірінде Pfizer және Johnson & Johnson компанияларының COVID-19 қарсы вакциналарынан микрочиптер табылғаны туралы хабарлама таралуда. Бұл ақпаратты неміс мамандары растады делінеді, олар микрочипке ұқсайтын шамамен 40 нанометрлік құрылымдардың микроскопиялық суреттерін түсіріпті. Алайда бұл – фейк.

Бұл видео ескі. Ол 2021 жылдың күзінде әлеуметтік желілерде кең таралған. Әңгіме 2021 жылдың 20 қыркүйегінде Германияның Ройтлинген қаласындағы патология институтында өткен конференция туралы. Онда профессорлар Арне Буркхардт пен Уолтер Лэнг сөз сөйлеген. Олар COVID-19-ға қарсы вакцина алған адамдардың тіндерін зерттегендерін айтып, сол үлгілерде «жарияланбаған компоненттерді», яғни микросхемаға ұқсас құрылымдарды таптық деп мәлімдеген.

Алайда Correctiv неміс фактчек порталы бұл мәлімдемелерді конференциядан кейін бір апта өтпей-ақ теріске шығарды. Correctiv атап өткендей, бұл екі профессор зейнетте және клиникалық тәжірибе жүргізбейді. Олар «Денсаулық, еркіндік және демократия үшін дәрігерлер мен ғалымдар» (MWGFD) атты ұйымға мүше, ал бұл ұйым COVID-19 туралы жалған ақпарат тарататынымен танымал.

2020 жылдың тамызында бұл ұйым маска тағудан босататын жалған медициналық анықтамалар алуға көмектескен. Конференцияға қатысқан тағы бір адам — Сухарит Бхакди де COVID-19, маскалар мен вакцинацияға қатысты жалған және ғылымға қарсы мәлімдемелермен танымал. Конференцияда Арне Буркхардт өзі мен Лэнгтің мәйіттерді жеке зерттемегенін, тек басқа деректерді жалпылап баяндағанын мойындады. Сонымен қатар, олар тіндердің нақты қайдан алынғанын, зерттеулердің қалай жүргізілгенін де түсіндірмеген. Марқұмдардың расында вакцина алған-алмағаны да дәлелденбеген.

Correctiv жетекші неміс ғылыми ұйымдарынан бұл конференция нәтижелеріне баға беруін сұрады. Германия патологоанатомдар қоғамы (DGP) бұл деректердің ғылыми сенімділігі жоқ екенін, ал Германия патологоанатомдар федералды қауымдастығы (BDP) оларды пікір білдіруге тұрарлық деңгейде де емес деп бағалады.

Конференцияда көрсетілген суреттерге Ульм қаласындағы Бундесвер госпиталінің патология институтының басшысы Конрад Штайнстель де түсініктеме берді. Ол бұл суреттердегі нәрселер – жай ғана шаң немесе мата талшықтары екенін айтты. Ол микроскоп астындағы шаң бөлшектерінің суреттерін жариялап, олардың конференцияда көрсетілгендерге өте ұқсас екенін көрсетті.

Әлемнің түрлі елдерінде COVID-19 қарсы вакцина алған марқұмдарды тексеру жүргізіліп жатыр. Бірақ ешбір зерттеуде олардың ағзасынан микрочип немесе электрондық құрылғы табылғаны туралы хабарланбаған.

Конференцияға қатысқан адамдар бұрыннан дезинформация таратумен айналысып жүргендер. Олар өз мәлімдемелерін ешқандай нақты дәлелмен растаған жоқ. Ал көрсетілген суреттерді тәжірибелі дәрігерлер қарапайым шаң-тозаң мен кездейсоқ түскен талшықтар деп бағалады.

Демек, Pfizer мен Johnson & Johnson вакциналарынан микрочип табылды деген ақпарат – фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Related Articles