Фейк: «Жануарларға арналған антигельминттік препарат қатерлі ісікті емдейді»

Instagram желісінде тараған видеода автор: «Фенбендазол менің әкемнің 4-ші сатыдағы өкпе қатерлі ісігін 8 айда жазды» деп мәлімдейді. Оның айтуынша, ем дәрігерлердің көмегінсіз, химиотерапия мен сәулесіз, яғни тек иттерге арналған препараттың көмегімен жүргізілген. Бұл емдеу Джо Типпенстің хаттамасына негізделген. Ол өзінің аурудан жазылуын Panacur атты жануарларға арналған антигельминтикпен (құрттарға қарсы дәрі) байланыстырады. Бұл рас па? Тексеріп көрейік.

Panacur – иттер мен жылқыларға арналған ішекқұртқа қарсы дәрі. Оның құрамында фенбендазол деген белсенді зат бар. Бұл заттың кейбір зерттеулерде обыр жасушаларының өсуін баяулатуы мүмкін екені көрсетілген. Бірақ бұл тек пробиркада және жануарларға жасалған тәжірибелер негізінде анықталған.

Фенбендазол микротүтікшелердің жұмысына кедергі келтіреді деп болжануда. Бұл жасушалардың пішінін сақтауға және бөлінуіне көмектесетін құрылымдар. Бір зерттеуде фенбендазол алған тышқандарда ісік бұрынғыдан да тез өсе бастаған. Тіпті ісік өсу жылдамдығы екі есе артқан. Бірақ фенбендазолды витаминдер кешенімен біріктіргенде, қатерлі ісіктің өсуі, керісінше, баяулаған. Алайда, витаминдік схема өте күрделі болды және оны адам терапиясында қайталау қиын болды.

Адамдарда фенбендазолдың обыр жасушаларына әсерін зерттеу бойынша эксперименттер жүргізілген жоқ. Сонымен қатар, оны қабылдау аясында пациенттерде қатты қабыну пайда болған жағдайлар туралы хабарламалар бар. Бір жағдайда өкпенің ұсақ жасушалы қатерлі ісігі бар әйелде бауырдың ауыр проблемалары басталды. Ол фенбендазол ішуді тоқтатқанда, бауырдың жағдайы жақсарды.

Видеода аты аталған америкалық Джо Типпенс қатерлі ісікті фенбендазолмен және әртүрлі қоспалармен емдегенін айтқан. Бұл ретте ол бір мезгілде М. Д. Андерсон атындағы онкологиялық орталықтағы Kitruda эксперименттік препаратының клиникалық зерттеуіне қатысқан. Мамандардың пікірінше, оның жағдайының жақсаруы, ең алдымен, қатерлі ісікке қарсы терапияның әсерімен байланысты. Бұл туралы Типпенс өзінің көпшілік алдында сөйлеген сөзінде ешқашан айтпайды.

Америка тұрғыны 2019 жылы YouTube-те қатерлі ісік ауруын иттерге қарсы антигельминтпен емдегені туралы әңгімесін жариялаған. Осыдан кейін Оңтүстік Кореяда фенбендазолға деген сұраныс күрт өскен.

Препарат заңсыз тарала бастады және жоғары бағамен сатылды. Әйгілі оңтүстік кореялық әзілкеш Ким Чул Мин бұл туралы айтқан кезде фенбендазолға деген қызығушылық одан әрі арта түсті. Ол өкпенің қатерлі ісігімен күресу кезінде препаратты қабылдай бастағанын айтқан. 2020 жылдың қыркүйегінде Ким қателескенін мойындады. Артист 2021 жылдың желтоқсанында қайтыс болды.

Өз кезегінде Оңтүстік Кореяның Азық-түлік және дәрі-дәрмек министрлігі (MFDS) 2019 жылы қатерлі ісік ауруын емдеу үшін фенбендазолды қолдануға тыйым салып, оның денсаулыққа зияны туралы ескертті.

Фенбендазолдың төртінші сатыдағы өкпе рагын емдегені туралы әңгіме жалған. Бұл препараттың адамдарда онкологияға қарсы тиімділігі дәлелденбеген, клиникалық зерттеулер жүргізілмеген. Видео авторлары айтқан Джо Типпенстің жағдайының жақсаруы ресми емдеуге қатысуымен байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар, фенбендазолдың адам ағзасына зияны, оның ішінде қабыну мен бауырдың зақымданатыны туралы мәліметтер бар.

Мұндай мифтер бұған дейін де таралған. Бұрын біздің сайтта паразиттерге қарсы препараттар қатерлі ісікке қарсы көмектеседі деген мәлімдемені жоққа шығардық.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Related Articles