Фейк: «Медициналық маска тағу ацидозға әкеледі»

Telegram-арналардың бірінде ескі фейк қайтадан таралып жатыр — медициналық маска тағу ацидозға алып келеді деген ақпарат. Ацидоз — ағзадағы қышқыл-сілті тепе-теңдігінің бұзылуы. Бұл жағдай адам өзінің көмірқышқыл газын қайта жұтуының салдарынан болады делінеді. Алайда бұл — жалған ақпарат.

Ацидоз туралы мәлімдемені Саша Латыпова есімді адам жасаған. Ол өзін фармацевтикалық компанияда ғылыми зерттеулер және әзірлемелер бойынша менеджермін деп таныстырады. Бірақ ашық дереккөздерде оның фармацевтика немесе ғылыми зерттеулер саласында нақты тәжірибесі бар екені дәлелденбеген. Барлық ақпарат тек оның өз парақшаларында жарияланған. Латыпованың есімі COVID-19 туралы жалған ақпараттарды тарату арқылы белгілі болған. 2023 жылдың қаңтарында ол коронавирусқа қарсы вакциналар клиникалық сынақтардан өтпеген деп мәлімдеді. Бұл ақпарат FactCheck.org порталында жоққа шығарылды.

Сондай-ақ, Саша Латыпова вакциналарға қарсы бағытталған ұйымдармен, соның ішінде кіші Роберт Ф. Кеннеди басқаратын Children’s Health Defense ұйымымен жұмыс істеген. Сонымен қатар, ол TrialSiteNews атты псевдоғылыми сайтта да жарияланған. Осы себепті оның айтқандарына сенуге негіз жоқ.
Тыныс алу ацидозы (гиперкапния) — ағзада көмірқышқыл газы шамадан тыс жиналған кезде пайда болады. Бұл адам өте баяу немесе жеткіліксіз тыныс алғанда болады.

Жедел ацидоз кенеттен пайда болады: инсульт, күшті дәрілер (мысалы, опиоидтар) немесе тыныс алуға көмектесетін бұлшықеттердің қызметі бұзылғанда. Созылмалы ацидоз біртіндеп дамиды және көбіне созылмалы обструктивті өкпе ауруымен (СОӨА) байланысты. Сондай-ақ, тыныс бұлшықеттерінің әлсіздігі, семіздік, жүйке-бұлшықет аурулары немесе кеуде қуысының деформациясы себеп болуы мүмкін. Ацидоздың себебі ретінде медициналық маска тағу еш жерде көрсетілмеген.

«Маска оттегі деңгейін қатты төмендетеді» деген фейк 2020 жылы да кең таралған. VoxUkraine фактчекерлері бұл туралы Оңтүстік Каролинадан келген доктор Меган Холлдың түсініктемесін жариялады.
(https://voxukraine.org/ru/nepravda-noshenie-maski-mozhet-vyzvat-gazovyj-atsidoz) Ол арнайы құралмен оттегі мен пульстің деңгейін төрт жағдайда өлшеген: маскасыз, хирургиялық маскамен, №95 маскамен және екеуін қатар кигенде. Бес минут ішінде көрсеткіштер тұрақты болған — оттегі деңгейі түспеген. Холлдың айтуынша, маска тағу аздап жайсыздық тудыруы мүмкін, бірақ ол қалыпты тыныс алуға кедергі келтірмейді, оттегі жетіспеушілігіне қатысты еш қауіп жоқ.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) да масканы дұрыс таққан жағдайда ағзадағы оттегі деңгейі төмендемейтінін және көмірқышқыл газы қауіпті деңгейде жиналмайтынын айтады.

Хирургиялық маскалардың тесіктері бар, бұл арқылы ауа еркін өтіп, тыныс алу қалыпты деңгейде жүреді. Ал матадан жасалған маскалар тіпті одан да «тыныс алатын» болады. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) Reuters агенттігіне көмірқышқыл газы масканың ішінде шамалы жиналуы мүмкін екенін айтқан, бірақ бұл көлем ағза үшін қауіпсіз және оған қарсы тұра алады.

Медициналық маска тағу ацидозға әкеледі деген ақпараттың ғылыми негізі жоқ — бұл фейк. Ацидоз маска тағудан емес, ауыр аурулар мен тыныс алу бұзылыстарынан дамиды. Зерттеулер мен ДДҰ және басқа да ұйымдардың ресми деректері масканы дұрыс таққанда оттегі деңгейі қалыпты болатынын, ал көмірқышқыл газы ағзада қауіпті деңгейде жиналмайтынын растайды.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Related Articles